Алматыда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Алтын қалам» әдеби жүлдесіне биыл қазақ және орыс тілінде жазылған 1076 жұмыс келіп түскен.
Бір қуантарлығы, биылғы бәйгеде тек еліміздің ғана емес, АҚШ, Германия, Украина, Ресей, Израил және Белорус елінде тұратын авторлар да бағын сынаған. Жүзден жүйрік шығып жеңімпаз деп танылған шығарма авторларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі Алматыдағы «Rixos Almaty» қонақүйінде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша «Алтын қалам» жобасының деңгейі жыл санап артып келеді.
– Биылғы жүлде біз үшін ерекше болды. Олай дейтін себебіміз, «Алаш» партиясының құрылғанына жүз жыл толуына орай «Алашордаға 100 жыл» аталымы жарияланды. Сатира жанры биылдан бастап жазушы, сатирик, аудармашы Есенжол Домбай атындағы «Жылдың үздік сатирасы» аталымы болып өзгертілді. Сонымен қатар, бұған дейін 11 рет өткізілген балалар жазушыларына арналған Халықаралық «Дарабоз» байқауы биыл бірінші рет «Алтын қалам» әдеби жүлдесі аясында өтіп отыр. Бұл балалар шығармасын қамтыған туындылардың санын ғана емес, сапасының да артуына септігін тигізді. Біздің арнаулы сайт арқылы әрбір шығарма өз оқырманын тапты деп есептейміз – дейді «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастыру комитетінің директоры Кенже Жұманұлы.
Биылдан бастап алғаш рет тағайындалған қазақтан шыққан алғашқы меценаттардың бірі Есенқұл Маманов атындағы сыйлық Алашорда тақырыбын қамтыған үздік шығармаларға берілді. Бас жүлдеге тігілген 1 млн теңгені тарихшы – жазушы Елордалық Әміржан Әлпейісов иеленді. Ал, балалар жазушыларына арналған «Дарабоз» байқауының бас жүлдесі мен 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы Қарағандылық жазушы Төкен Әлжантегінің еншісіне бұйырды. «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» сыйлығы Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаға берілді. Сондай-ақ, «Жылдың үздік поэзиясы» аталымында Алматылық Нұржан Нұрбек үздік деп танылса, «Жылдың үздік прозасы» аталымында Оңтүстіктік Қазақстандық Қарғабай Мақсат дара шықты. «Жылдың үздік кино сценарийі және драматургиясы» сыйлығын Шымкенттік Жомарт Айдаров, «Жылдың үздік сатирасы» Леңгірлік Ералхан Жылқыайдарұлына, «Жылдың үздік фантастикасы» Кентаулық Бекболат Оралбековке бұйырды. Дәл осындай аталымдар бойынша арнайы сыйлықтар орыс тілді авторларға да табысталды.
Еске салсақ, Қазақстанмен қатар әлемнің 6 мемлекетінің жазушылары бақ сынаған байқауға шығармалар ақпан айының 15 мен қыркүйектің 15 аралығында қабылданып, оқырмандар өзіне ұнаған шығармаға ғаламтор арқылы қазан айына дейін дауыс берген болатын.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ